Мазмұнға өту
Бүгін

Іздеу

Сақталған мақалалар

Тек осы браузерде сақталады.

Аналардың декреттік төлемі қысқара ма?

Қазақстанда 2027 жылы 1 қаңтардан бастап бала туған отбасыларға берілетін кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Енді төлем алу кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы да ескеріледі. Алайда ресми жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдар төлеген әйелдердің сақтандыру жүйесі арқылы алатын декреттік төлемдері бұрынғы тәртіппен беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны депутат Ләззат Қожахмет мәлімдеді. Оның айтуынша, бала туғанға дейін жұмыс істеп, әлеуметтік аударым төлеген әйелдер бала бір жарым жасқа толғанға дейін тиісті төлемдерді ала береді. Отбасының әл-ауқат санаты бұл құқыққа әсер етпейді.

“Жұмыс істеп, ай сайын әлеуметтік аударымдарды төлеп келдіңіз. Демек Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры балаңыз бір жарым жасқа толғанға дейін бұрынғы табысыңыздың 40%-ы мөлшерінде төлем жасауды жалғастырады. Сондықтан 1 қаңтардан кейін босанатын А және В санатындағы әйелдер де декреттік төлемдерін ала береді”, – деді Ләззат Қожахмет.

Ал 2027 жылы 1 қаңтардан бастап бала туғанға дейін жұмыс істемей, үй шаруасымен айналысқан әйелдерге төлем тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы ескеріледі.

Депутаттың айтуынша, егер отбасы мемлекеттік қолдауға мұқтаж болса, әйел бала күтіміне байланысты төлем ала алады. Ал отбасының табысы жеткілікті, әйел еңбекке қабілетті және денсаулығына байланысты жұмыс істеуге кедергісі болмаса, А және В санатындағы отбасыларға жататын әйелдер бұл төлемді ала алмайды.

Ләззат Қожахметтің мәліметінше, қазір Қазақстанда А және В санатындағы шамамен 11 мың әйел бала күтіміне байланысты төлем алып отыр. Депутат бұл көрсеткішті елдегі жыл сайынғы туу санымен салыстырды. Қазақстанда жылына шамамен 200–300 мың бала дүниеге келеді.

Ол алдағы өзгерістерге байланысты жұмыс істейтін әйелдерді алаңдамауға шақырды. Егер әйел ресми жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдар төлесе және бала босанса, заңда көзделген төлемдерді алу құқығы сақталады.