Бүгін «Өнер орталығында» Мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – қанат, шәкірт – қауырсын» атты салтанатты шара өтті.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, аймақ дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі» деген болатын. Бұл сөздің салмағы ерекше. Шын мәнінде, ұстаз – баланың алдына білімнің ғана емес, өмірдің жолын ашатын тұлға. Бүгін осы залда отырған әр педагогтің еңбегі – бір шәкірттің тағдырымен, бір отбасының үмітімен, тұтас елдің ертеңімен сабақтас. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі бүгінгі күні де өз мәнін жоймады. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби өрлеу тілеймін! Шәкірттеріңіздің жүрегіне әрдайым жол тауып, мерейлеріңіз үстем болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында Сыр елінің үлгілі ұстаздарына «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин» медальдары табысталды.
Сонымен қатар, бірқатар ұстаз «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, «Орта білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломдарымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік шарада еңбегімен көзге түсіп, шәкіртімен бірге білім бәсекесінде топ жарған 10 ұстазға Сарыағаш шипажайына жолдама берілді. Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
