Мазмұнға өту
Бүгін

Іздеу

Сақталған мақалалар

Тек осы браузерде сақталады.

Стоп-кредит қай кезде шектеу қоя алмайды

Kapital.kz.
Kapital.kz.
«Стоп-кредит» көп жағдайда жаңа несие алуға шектеу қояды, бірақ заңда көрсетілген бірқатар жағдайда бұл тыйым қолданылмайды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «стоп-кредит» қызметі қандай жағдайларда шектеу қоя алмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазір қазақстандықтар eGov арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарта алады. Осылайша, «стоп-кредит» қызметі іске қосылады. Бұл қызмет азаматтың атына заңсыз кредит рәсімдеуге жол бермеуге мүмкіндік береді.
Алайда заңнамада «стоп-кредит» қолданылмайтын ерекше жағдайлар қарастырылған. Олар:
тұтынушылық қарыз сомасы тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді сатушының банктік шотына тікелей аударылған жағдайда (қарыз алушы тауарды кредитке алатынын растауы қажет);
банктік қарыз қарыз алушының сол банктегі басқа қарызы бойынша берешегін өтеуге жұмсалған жағдайда;
төлем картасы бойынша 150 АЕК-тен (648 750 теңге) аспайтын мөлшерде белгіленген кредиттік лимит шеңберінде банктік қарыз берілген жағдайда;
банктік қарыз арқылы салықтар, айыппұлдар немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешек төленген жағдайда.
Микрокредиттерге қатысты да осындай ерекше жағдайлар қарастырылған. Ал ломбардтар беретін микрокредиттерге «стоп-кредит» қолданылмайды.
«Егер банктік қарыз немесе микрокредит «стоп-кредит» талаптарын бұза отырып берілсе, қаржы ұйымы заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті. Атап айтқанда, қарызды есептен шығарып, кредиттік тарихты түзетуі және қарыз алушыдан өндіріп алынған соманы қайтаруға тиіс», – дейді агенттік мамандары.