Мазмұнға өту
Бүгін

Іздеу

Сақталған мақалалар

Тек осы браузерде сақталады.

Басты міндет – автожол саласын дамыту

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында логистика инфрақұрылымына назар аудару қажеттігіне назар аударып, бұл еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактор екендігін атап айтты. Енді Үкіметтің алдында жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті тұрғаны белгілі.

Президент тапсырмасына сәйкес, Премьер-министр Олжас Бектенов автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы бойынша кеңес өткізді. Жиында жол құрылысының сапасын арттыру және заманауи автомобиль жолдары желісін қалыптастыру мәселелері қаралды.

Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты. Кеңес отырысынан кейінгі мәжілісте көтерілген мәселелерге орай жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берілді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында: «Біздің негізгі мақсатымыз – еліміздегі жолдардың әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру. Алдымызда республикалық және жергілікті деңгейдегі жолдарды сапалы салу бойынша аса маңызды міндет тұр», – деп ерекше тоқталды. Сапалы жолдар мен заманауи сервистік инфрақұрылымсыз еліміздің көлік-логистикалық орталыққа, ірі транзиттік аймаққа айналуы мүмкін емес. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы етіп орындауды қатаң тапсырды. Біздің міндетіміз – Жолдаудағы бастамалардың мерзімінде нәтижелі іске асуын қамтамасыз ету. Бұл бағытта өңірімізде басталған автожол құрылыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтауымыз қажет, – деді аймақ басшысы.

Аймақ басшысы көліктік бақылау инспекциясына орталық атқарушы органдармен бірлесіп, өңірдегі барлық автокөлік бекетін жаңғыртуды жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар полиция департаментімен бірлесіп, көлік бекеттеріндегі бақылауды күшейту, жол сапасына зиян келтіретін ауыр жүккөліктерінің қозғалысын шектеу үшін тұрақты рейд ұйымдастырылуы тиіс.

Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері жолаушыларкөлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» мекемесімен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді үш күн ішінде жоюы керек. Айта кетейік, биыл жол инфрақұрылымын дамытуға 43,8 млрд теңге бөлініп, 168 шақырым автомобиль жолы мен көшелер, сондай-ақ көпірлер жөнделуде. Алдағы уақытта жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95,5 пайызға жеткізу мақсаты тұр.