Алматы облысында әйелдің мазасын алып, аңдумен айналысқан ер адам сотталды. Еңбекшіқазақ аудандық соты аталған қылмыстық істі қарап, тиісті шешім қабылдады.
Алматы облысында сталкинг жасаған ер адам сотталып, қоғамдық жұмысқа тартылды. Қылмыстық істі Еңбекшіқазақ аудандық соты қарады. Ер адамға Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы («Сталкинг») бойынша айып тағылды.
Аңду әрекеттері және оның салдары
Сот деректеріне қарағанда, сотталушы 2025 жылдың күзінен бастап әйелге бірнеше рет қоңырау шалып, WhatsApp мессенджері арқылы хабарламалар жіберген. Ол осылайша қарым-қатынас орнатуға тырысқан.
Әйел байланыс орнатудан бас тартса да, ер адам аңдуды тоқтатпай жалғастыра берген. Нәтижесінде жәбірленуші өзін қауіпсіз сезінуден қалып, күнделікті өмір салтын өзгертуге мәжбүр болған.
Сот шешімі мен өтемақы
Сот үкімімен айыпталушыға 60 сағат қоғамдық жұмыс жазасы белгіленді. Жаза белгілеу барысында сот оның кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінгенін ескерді.
Бұдан бөлек, сотталушыдан Жәбірленушілерге өтемақы қорына 5 АЕК мөлшерінде, яғни 21 625 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордада сталкинг жасаған 4 адамға қатысты да сот үкімі шыққан еді.
Дереккөз: ҚазАқпарат
