Мазмұнға өту
Бүгін

Іздеу

Сақталған мақалалар

Тек осы браузерде сақталады.

«Ұмай» ипотекасының екінші кезеңіне өтінім қабылдау басталды

Фото: іstockphoto.com

«Отбасы банк» «Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңіне өтінім қабылдауды бастады. Бұл кезеңге 20 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде сұраныс жоғары болғандықтан, өтінім қабылдау бірнеше сағатқа ғана созылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ұмай» бағдарламасының басты ерекшелігі – сатып алынған баспана әйелдің атына рәсімделеді. Егер қарыз алушы некеде болса, жылжымайтын мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі ретінде тіркеледі. Мұндай жағдайда несие алуға өтінім берген кезде жұбайының жеке қатысуы қажет.

Бағдарлама аясында 50 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 14,8%, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3–16,8% аралығында. Қарыз алушының орташа айлық таза табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ соңғы алты айдағы ресми табысын растауы қажет.

«Отбасы банк» өтінім берер алдында азаматтарға бірқатар талапты тексеруге кеңес береді. Атап айтқанда, мерзімі өткен берешек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылатын міндетті жарналар бойынша мәселе болмауы керек. Сонымен қатар салық берешегі мен өсімпұл, өтелмеген айыппұлдар және несие төлемдерінің кешігуі ескеріледі. Қолданыстағы кредит лимиттерін де тексеру қажет.

Бағдарлама арқылы бастапқы және қайталама нарықтағы баспананы сатып алуға болады. Дайын жаңа үйлерді тек банктің «Баспана Маркет» маркетплейсі арқылы таңдауға рұқсат етіледі. Құрылысы аяқталмаған үйді сатып алу үшін Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігі немесе сақтандыру құралы болуы шарт. Ал қайталама нарықтан 2016 жылдан бері салынған үйлерді алуға болады.

Айта кетейік, бағдарламаның алғашқы кезеңі 31 тамызда өткен. Ол кезде бөлінген 9 млрд теңге сол күні-ақ игеріліп, банкке қатысушылардан 855 өтінім түскен.

Еске сала кетейік, биылдан бастап елімізде ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін есептеу тәртібі өзгерді. Енді ипотека мөлшерлемесі бастапқы жарнаның көлеміне байланысты белгіленеді.